2014 жылғы 22 қазан, Алматы қаласы
Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясын тағайындау және босату қағидаларын және Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптарды
бекіту туралы
Нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
1. мыналар:
1) осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясын тағайындау және босату қағидалары;
2) осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының мынадай нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясын тағайындау және босату қағидаларын және тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2013 жылғы 25 ақпандағы № 71 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8411 тіркелген, 2013 жылғы 21 маусымда «Заң газеті» газетінде № 91 (2292) жарияланған);
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» 2013 жылғы 27 тамыздағы № 212 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8805 тіркелген, 2013 жылғы 28 қарашада «Заң газеті» газетінде № 180 (2381) жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 7-тармағы.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы Қ.КЕЛІМБЕТОВ.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының
2014 жылғы 22 қазандағы № 190 қаулысына 1-қосымша
Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымының тарату комиссиясын тағайындау және босату қағидалары
Осы Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясын тағайындау және босату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы, «Сақтандыру қызметі туралы» 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – уәкілетті орган) мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (бұдан әрі – қаржы ұйымы) тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелерін тағайындау және босату тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелері мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі болып тағайындалу үшін құжаттар ұсынған және Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптарға (бұдан әрі – Талаптар) сәйкес келетін кандидаттар (бұдан әрі – кандидат) арасынан және (немесе) уәкілетті органның қызметкерлері арасынан тағайындалады.
2. Уәкілетті органның қызметкерлері болып табылмайтын мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелері мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясы қызметінің барлық кезеңі ішінде Талаптарға сәйкес келеді.
3. Мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелері қаржы ұйымының тарату массасы болмаған не ол ағымдағы шығыстарды жабу үшін жеткіліксіз болған жағдайда уәкілетті органның қызметкерлері арасынан тағайындалады.
Бос орынға кандидаттар болмаған немесе кандидаттар Талаптарға сәйкес келмеген жағдайда да уәкілетті органның қызметкерін мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі етіп тағайындауға жол беріледі.
Уәкілетті органның қызметкерлері Қағидалардың 6 және 6-тармақтарында көзделген құжаттарды ұсынбайды және тестілеу мен әңгімелесуден өтпейді.
4. Уәкілетті орган табылмайтын мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясы төрағасының және (немесе) мүшесінің бос орнын алу туралы хабарландыруды уәкілетті орган қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы арызбен сотқа өтініш жасаған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органның Интернет-ресурсында жариялайды.
Тарату комиссиясын құру қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енген күннен бастап жүзеге асырылады.
Қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату барысында бос орындар болған кезде де бос орынды алу туралы хабарландыру уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
2. Кандидат ұсынатын құжаттарды қарау
5. Қағидалардың 8, 12-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кандидат мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының атауын көрсете отырып және мынадай құжаттарды қоса бере отырып, уәкілетті органға өзін мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі етіп тағайындау туралы өтінішін ұсынады:
1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;
2) жоғары білім туралы дипломның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) еңбек кітапшасының немесе еңбек шартының нотариалды куәландырылған көшірмелері;
4) кандидаттың бұрын тарату комиссиясының төрағасы не мүшесі болғаны туралы куәландыратын құжаттардың көшірмелері (мұндай құжаттар болған жағдайда);
5) сотталмағандығы туралы анықтама;
6) Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша кандидат әрбір парағына қол қойған және қол қойған өзін мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы не мүшесі етіп тағайындауға арналған кандидат сауалнамасы;
7) ұсынылған құжаттар тізімдемесі.
6. Мәжбүрлеп таратылатын өзге қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі болып табылатын не бос орынға өтініш берген күн алдындағы жыл ішінде мәжбүрлеп таратылатын өзге қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі болған кандидат мыналарды қоса бере отырып, өзін мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі етіп тағайындау туралы өтінішін ұсынады:
1) кандидаттың мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы не мүшесі болып табылатыны не бұрын болғаны туралы куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
2) Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша кандидат әрбір парағына қол қойған және қол қойған өзін мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы не мүшесі етіп тағайындауға арналған кандидат сауалнамасы;
3) сотталмағандығы туралы анықтама.
7. Уәкілетті орган Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген құжаттар ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өзін тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі етіп тағайындау туралы өтініш пен құжаттарды олардың Қағидалардың және Қазақстан Республикасының өзге заңнамасының талаптарына сәйкестігін қарайды. Кандидат ұсынған құжаттарды тексеру үшін уәкілетті орган мемлекеттік органдарға және (немесе) өзге ұйымдарға сұрау салулар жібереді.
8. Уәкілетті органға ұсынылған Қағидалардың және Қазақстан Республикасының өзге заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін құжаттар кандидатқа қайтарылады. Қайтарылған құжаттардың көшірмелері кандидаттың іс қағаздарына қосып тіркеледі.
Кандидаттың қайталап ұсынылған құжаттары жаңадан келіп түскен болып есептеледі және Қағидаларда белгіленген тәртіппен қаралады.
9. Кандидат ұсынған құжаттарды қарау нәтижелері бойынша уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – жауапты бөлімше) тестілеуге жіберілген кандидат бойынша қорытынды (бұдан әрі – кандидат бойынша қорытынды) дайындайды.
Бұрын мәжбүрлеп таратылатын немесе банкрот деп танылған өзге қаржы ұйымының немесе заңды тұлғаның басшы қызметкері болған кандидат бойынша қорытындыда оның көрсетілген лауазымдардағы қызметі туралы және ол жол берген бұзушылықтар туралы көрсетіледі.
Кандидат бойынша қорытынды кандидат ұсынған құжаттар пакетіне қоса беріледі.
10. Сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның немесе сақтанушыларға (сақтандырылғандарға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның (бұдан әрі – кепілдік беретін ұйым) қызметкері болып табылатын, Талаптарға сәйкес келетін кандидат Қағидалардың 5-тармағының 6) тармақшасын қоспағанда, Қағидаларда көзделген құжаттарды ұсынбайды және тестілеуден өтпейді.
Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша кепілдік беретін ұйымның қызметкері әрбір парағына қол қойған және қол қойған өзін мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы не мүшесі етіп тағайындауға арналған кандидат сауалнамасы қоса беріле отырып кепілдік беретін ұйымның өтінішхаты көрсетілген кандидаттың әңгімелесуге жіберілуі үшін негіз болып табылады.
Кепілдік беретін ұйымның қызметкері - кандидаттың Талаптарға сәйкес келуін кепілдік беретін ұйым қамтамасыз етеді.
11. Жауапты бөлімше тестілеу өткізуге дейін жеті жұмыс күні бұрын кандидатты тестілеу өткізілетін күн мен орын туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Кандидат белгіленген мерзімде тестілеуден өту үшін негізді себептер бойынша келмеген жағдайда, кандидат келмеу себептерін көрсете отырып, уәкілетті органға бұл туралы хабарлайды. Уәкілетті орган оған тестілеуден өту үшін жаңа мерзім белгілейді және тестілеу өткізуге дейін үш жұмыс күні бұрын кандидатты бұл туралы хабардар етеді.
12. Кандидаттарды тестілеу 30 сұрақ бойынша 45 минут ішінде компьютерлік әдіспен жүргізіледі.
Тестілеуді жүргізу кезінде кандидаттың жазбаша, электрондық немесе басқа ақпараттық материалдарды пайдалануына жол берілмейді. Көрсетілген талаптардың бұзылуы тестілеудің теріс нәтижесіне теңестіріледі.
Тестілеудің оң нәтижесі алынған жағдайда (кем дегенде 70 пайыз дұрыс жауап) кандидат әңгімелесуге жіберілген болып есептеледі.
Кандидат тестілеуден өткеннен кейін дереу қол қойғызу жолымен тестілеу нәтижелерімен таныстырылуға тиіс.
13. Әңгімелесуді уәкілетті органның біліктілік комиссиясы мынадай мақсатпен жүргізеді:
1) кандидаттың қаржы ұйымдарын және өзге де заңды тұлғаларды тарату рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін білуін анықтау;
2) кандидаттардың Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігін ақындау;
3) кандидаттың кәсіби білімін, қабілетін және жеке қасиеттерін анықтау.
Әңгімелесу қорытындылары уәкілетті органның біліктілік комиссиясының хаттамасымен ресімделеді.
14. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
1) ұсынылған құжаттарда дәйексіз ақпарат болса;
2) кандидат Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
3) тестілеудің немесе әңгімелесудің нәтижесі теріс болса, не дәлелді себептерсіз тестілеуге және (немесе) әңгімелесуге келмесе кандидатты мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі етіп тағайындамайды.
15. Уәкілетті орган әңгімелесуден өтпей қалған кандидатқа уәкілетті органның біліктілік комиссиясының хаттамасына қол қойылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде тиісті жазбаша хабарлама жібереді.
3. Уәкілетті органның мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату
комиссиясының құрамына қатысты шешімдер қабылдау тәртібі
16. Уәкілетті орган мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасын және (немесе) мүшесін тағайындау не мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасын және (немесе) мүшесін міндеттерін атқарудан босату туралы шешімдерді жауапты бөлімше дайындаған кандидат бойынша қорытынды және уәкілетті органның біліктілік комиссиясының әңгімелесу қорытындылары жөніндегі хаттамасы негізінде қабылдайды және уәкілетті органның бірінші басшысының (бірінші басшы орынбасарының) бұйрығы түрінде ресімдейді.
17. Уәкілетті органның біліктілік комиссиясы уәкілетті органның бірінші басшысы (бірінші басшының орынбасары) бұйрығының негізінде құрылады. Уәкілетті органның біліктілік комиссиясына төраға - уәкілетті органның бірінші басшысының орынбасары басшылық етеді.
Уәкілетті органның біліктілік комиссиясының құрамына уәкілетті органның мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері кіреді. Уәкілетті органның біліктілік комиссиясының шешімдері уәкілетті органның біліктілік комиссиясының отырысына қатысып отырған мүшелерінің жай көпшілік дауысымен қабылданады.
18. Уәкілетті органның мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасын және (немесе) мүшесін тағайындау туралы бұйрығында мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының атауы, мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясы төрағасының және (немесе) мүшелерінің тегі, аты және бар болса – әкесінің аты, олардың жеке басын куәландыратын құжаттардың деректемелері көрсетіледі.
Уәкілетті органның тарату комиссиясының төрағасын және (немесе) мүшесін міндеттерін атқарудан босату туралы бұйрығында мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының атауы, тарату комиссиясының төрағасын және (немесе) мүшесін босату негіздері көрсетіледі.
19. Уәкілетті органның кандидатты мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы және (немесе) мүшесі қызметіне тағайындау туралы не мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасын және (немесе) мүшесін қызметінен босату туралы бұйрықтарының көшірмелері бұйрыққа қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде олардың жіберілуін тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарымен жіберіледі немесе кандидаттың не міндеттерін атқарудан босатылған адамның өзіне тапсырылады.
20. Қағидаларда белгіленген құжаттарды ұсынусыз, тестілеуден және әңгімелесуден өтусіз:
1) мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясы төрағасының міндеттерін (тарату комиссиясы төрағасының орынбасары болмаған жағдайда) – мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының мүшесіне немесе жұмысқа тартылған қызметкерге;
2) өңірдегі мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясы мүшесінің (аумақтық бөлімше басшысының) міндеттерін – мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының басқа мүшесіне не жұмысқа тартылған қызметкерге уақытша жүктеуге жол беріледі.
Уәкілетті органның мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясы төрағасының немесе мүшесінің міндеттерін атқаруды уақытша жүктеу туралы бұйрығы жауапты бөлімше дайындаған және уәкілетті органның біліктілік комиссиясының төрағасы мақұлдаған кандидат бойынша қорытынды негізінде шығарылады.
Уәкілетті органның біліктілік комиссиясының тарату комиссиясы төрағасының немесе мүшесінің міндеттерін атқаруды уақытша жүктеу мәселесі жөніндегі отырысы өткізілмейді.
4. Мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасын және
(немесе) мүшелерін міндеттерін орындаудан босату тәртібі
21. Жауапты бөлімше мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының есептері, мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының қызметіне жүргізілген тексерулер актілері, өтінішхаттар мен өзге де материалдар негізінде қорытынды дайындайды және мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасын және (немесе) мүшесін міндеттерін орындаудан босату туралы мәселені уәкілетті органның біліктілік комиссиясының отырысына енгізеді.
22. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
1) тарату комиссиясының төрағасы және (немесе) мүшесі уәкілетті органға өзінің кандидатурасын тарату комиссиясының төрағасы және (немесе) мүшесі қызметіне қарау кезінде көрінеу жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынғанда;
2) өз міндеттерін орындамағанда және (немесе) тиісінше орындамағанда;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының қаржы ұйымдарын және басқа заңды тұлғаларды тарату рәсімдерін жүргізу жөніндегі талаптарын бұзғанда;
4) уәкілетті орган Қағидалардың 3-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес тарату комиссиясының төрағасын және (немесе) мүшелерін уәкілетті орган қызметкерлерінің арасынан тағайындау туралы шешім шығарғанда;
5) міндеттерін атқарудан босату күніне дейін күнтізбелік жиырма күн бұрын өз қалауы бойынша міндеттерін атқарудан босату туралы өтініш берілгенде;
6) міндеттерін атқарудан босату күніне дейін күнтізбелік жиырма күн бұрын ұсынылған кепілдік беретін ұйымның мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясы төрағасының және (немесе) мүшесінің міндеттерін атқарудан өзінің қызметкерін босату туралы өтінішхаты болғанда;
7) жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты тарату комиссиясының мүшесін міндеттерін атқарудан босату туралы уәкілетті орган шешім шығарғанда немесе мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясы төрағасының өтінішхаты болғанда;
8) уәкілетті органның қызметкерін мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының құрамынан шығарудың қызметтік қажеттілігі болғанда (лауазымдық міндеттерін қайта бөлу) мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасын және (немесе) мүшесін міндеттерін орындаудан босатады.
Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының
тарату комиссиясын тағайындау және босату қағидаларына қосымша
Нысан
3 х 4
фотосурет
Кандидаттың мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының
тарату комиссиясының төрағасы не мүшесі етіп тағайындауға арналған сауалнамасы
____________________________________________________________________
(мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының толық атауы)
____________________________________________________________________
20__ жылғы ___________________
(күні)
Бос орын атауы ______________________________
________________________________________________________________
Өмірбаян деректері
1. Тегі, аты, бар болса – әкесінің аты
____________________________________________________________________
(толық көрсетіңіз)
2. Тұрғылықты жерінің мекенжайы (оның ішінде почта индексін көрсете отырып)
____________________________________________________________________
3. Туған күні мен жері
____________________________________________________________________
4. Азаматтығы
____________________________________________________________________
5. Жеке басын куәландыратын құжаттың толық деректемелері
____________________________________________________________________
6. Тұрғылықты жері бойынша тіркелуі
____________________________________________________________________
7. Байланыс телефонының нөмірі____________________________
8. Білімі туралы деректер (біліктілікті көтеру курстарын қоса алғанда)
№ оқу орнының, факультеттің (бөлімшенің, мамандықтың) атауы) оқу кезеңі берілген мамандық білімі туралы дипломның, сертификаттың, куәліктің деректемелері оқу орнының орналасқан жері
11.
22.
....
9. Сіздің біліктілігіңізді және құзыреттілігіңізді объективті түрде айқындау үшін маңызды деп санайтын кез келген басқа ақпарат____________________________________________________________
____________________________________________________________________
10. Өзге қаржы ұйымдарының және заңды тұлғалардың жарғылық капиталында тікелей және (немесе) жанама қатысу
№ заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері заңды тұлға қызметінің жарғылық түрлері Сіздің осы заңды тұлғаның жарғылық капиталында қатысу сомаңыз бен үлесіңіз
1.
2.
…
11. Алынған қарыздар туралы мәліметтер
№ қарыз берген тұлғаның атауы (адамның аты) мен орналасқан жері қарыз бойынша негізгі борыш сомасы қарыз берілген күн қарызөтелген күн ағымдағы сәттегі берешек сомасы қарыз бойынша сыйақы ставкасы (жылдық %)
1.
2.
...
12. Қаржы саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылдыңыз ба?
____________________________________________________________________
13. Сіз бұрын өзге қаржы ұйымын немесе заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылданғанға дейін (оның ішінде банкроттық негізі бойынша) бір жылдан аспайтын кезеңде өзге қаржы ұйымының немесе заңды тұлғаның бірінші басшысы (басқарма төрағасы), бірінші басшының орынбасары, бас бухгалтері болдыңыз ба? ____________________________________________________________________
____________________________________________________________________
(ұйымның атауы, лауазымы, жұмыс кезеңі, тарату (банкроттық) туралы соттың шешім шығарған күні, таратылу (банкрот болу) себебі)
14. Сіздің өтелмеген соттылығыңыз бар ма?________________________
____________________________________________________________________
15. Сізге қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге қаржы ұйымдарын және заңды тұлғаларды тарату рәсімдерін жүргізу жөніндегі талаптарын бұзу, өзге қаржы ұйымдарын және заңды тұлғаларды тарату рәсімдерін жүзеге асырған кезде міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау, жекелеген кредиторлардың мүдделеріне қысым жасайтын не жекелеген кредиторларға артықшылық беретін әрекеттер (әрекетсіздік) жасау фактілері бар ма? Осылар бар болса, қандай екенін көрсетіңіз____________________________________________________________
____________________________________________________________________
(ұйымның атауы, лауазымы, жұмыс кезеңі)
16. Сіздің соңғы үш жыл ішінде Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 54-бабы 1-тармағының 7), 9), 10), 13), 15) және 18) көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу фактілері бар ма?
____________________________________________________________________
17. Сіз бұрын мәжбүрлеп таратылатын немесе банкрот деп танылған өзге қаржы ұйымының немесе заңды тұлғаның басшы қызметкері болдыңыз ба?
____________________________________________________________________
(ұйымның атауы, лауазымы, жұмыс кезеңі, тарату (банкроттық) туралы соттың шешім шығарған күні, таратылу (банкрот болу) себебі)
18. Сіз борышкердің немесе мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымы кредиторының құрылтайшысы (қатысушысы, акционері) не лауазымды адамы болып табыласыз ба? __________________________________________
19. Сіз мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының құрылтайшысы (акционері) болып табыласыз ба? ______________________________
20. Сіз мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының дебиторы не кредиторы болып табыласыз ба?_
_____________________________
____________________________________________________________________
21. Сіз «Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабына сәйкес мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымына қатысты үлестес тұлға болып табыласыз ба?______________________________________________________
22. Сіздің өзге лауазымды (қызметті) атқаруыңызға байланысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен белгіленген шектеулеріңіз бар ма?
_________________________________________________________________
Қолы _______________ күні _________________
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының
2014 жылғы 22 қазандағы № 190 қаулысына 2-қосымша
Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптар
1. Осы Мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы, «Сақтандыру қызметі туралы» 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (бұдан әрі – қаржы ұйымы) тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі болып тағайындалатын кандидатқа мынадай талаптар қойылады:
1) жоғары экономикалық немесе заң білімінің немесе бухгалтерлік есеп пен аудит саласында жоғары білімінің болуы;
2) қаржы ұйымдарын және басқа заңды тұлғаларды тарату тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін білу.
3. Мынандай адам мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі болып тағайындалмайды:
1) өтелмеген соттылығы бар;
2) оған қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының қаржы ұйымдарын және басқа заңды тұлғаларды тарату рәсімдерін жүргізу жөніндегі талаптарын бұзу фактілері анықталған;
3) оған қатысты қаржы ұйымдарын және басқа заңды тұлғаларды тарату рәсімдерін жүргізу кезінде міндеттерін орындамау немесе тиісінше орындамау фактілері анықталған;
4) оған қатысты жекелеген кредиторлардың мүдделеріне қысым жасайтын не жекелеген кредиторларға артықшылық беретін әрекеттер (әрекетсіздік) жасау фактілері анықталған (бұрын өзге қаржы ұйымдарының және заңды тұлғалардың тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі болған адам үшін);
5) соңғы үш жыл ішінде Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 54-бабы 1-тармағының 7), 9), 10), 13), 15) және 18) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу фактілері бар;
6) өзге қаржы ұйымын немесе заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылданғанға дейін (оның ішінде банкроттық негізі бойынша) бір жылдан аспайтын кезеңде бұрын өзге қаржы ұйымының немесе заңды тұлғаның бірінші басшысы (басқарма төрағасы), бірінші басшының орынбасары, бас бухгалтері болған. Көрсетілген талап өзге қаржы ұйымын немесе заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдаған күннен кейін бес жыл бойы қолданылады (оның ішінде банкроттық негізі бойынша);
7) сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның немесе сақтанушыларға (сақтандырылғандарға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның лауазымды адамын қоспағанда, борышкердің немесе мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымы кредиторының құрылтайшысы (қатысушысы, акционері) не лауазымды адамы болып табылатын;
8) мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының құрылтайшысы (акционері) болып табылатын;
9) мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымының дебиторы не кредиторы болып табылатын;
10) «Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабына сәйкес мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымына қатысты үлестес тұлға болып табылатын;
11) өзге лауазымды (қызметті) атқаруға байланысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен белгіленген шектеулері бар.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылғы 9 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №9945 болып енгізілді.